«Бір ел - бір кітап» акциясының ұйымдастыру комитеті 2016 жылы зар заман ақындарының арасындағы жарық жұлдыз Дулат Бабатайұлының «Өсиетнама» кітабын жыл бойы оқылатын жыл кітабы етіп таңдады. Осыған орай ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ірі өкілі, халқымыздың басына қара бұлт төніп, жерімізді отарлау саясаты басталғанда ұлт-азаттық қозғалысын жалпыұлттық сипатта бірінші болып қозғаған ақын Дулат Бабатайұлының «Өсиетнама» жинағындағы шығармаларын насихаттау, оқырмандардың рухани байлығын арттырып, кітап оқуға шақыру, тарихи-мәдени мұрамызды жас ұрпаққа таныстыру мақсатында «Елі үшін еңіреген ұлы тұлға» тақырыбында виртуалды көрме ұйымдастырылды.

Тоғыз бөлімнен тұратын виртуалды көрмеде Дулат Бабатайұлының өміріне, шығармашылығына байланысты кітапхана қорындағы ақынның шығармашылығы мен басылымдар беттеріндегі материалдар ұсынылды.

Көрменің «Өмірбаян» бөлімінде ақынның өмірі мен шығармашылық жолы қысқаша мазмұнда берілді. «Жыл кітабы» бөлімі ақынның «Өсиетнама» кітабының толық мәтінін оқырман қауымға ұсынады. Дулат ақын туралы әр жылдарда мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар көрменің «Ақын келбеті» бөліміне топтастырылды. Ал «Жырын тыңда Дулаттың» бөлімі пайдаланушыларды ақынның «Тұнық тұма», «Кеудем ақыл сарайы»,Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің «Алтай-Ертіс» кітапханасы сериясымен шыққан «Осындай заман кез болды...» жыр жинақтарына және «Екімыңжылдық дала жыры», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Алмас қылыш» т.б. жинақтарға енген өлең-жырларының толық мәтінімен таныстырады.

«Сын зерттеулер» бөлімінде әдебиеттанушы-ғалымдар Р.Бердібаев, Х.Сүйіншәлиев, С.Негимов, Ж.Дәдебаевтардың Дулат ақын туралы зерттеу еңбектері ұсынылған. «Дәйексөздер» бөліміне орналастырылған М.Мағауин, Қ.Раев, Б.Омарұлы, Х.Сүйіншәлиев, Р.Сыздықова, М.Әуезов,Қ.Өмірәлиев сынды танымал тұлғалардың ақынға берген бағасы мен «Өсиетсөздер» бөлімінде ақынның ақыл-ой, дін, иман, жақсы мен жаман, бірлік, ағайын-туыс т.б. жайлы айтылған нақыл сөздері ақын шығармашылығына қызығушылық танытқан пайдаланушыларға көмек болады деген ойдамыз. «Библиография», «Сілтемелер» бөлімдерінде кітапхана қорындағы Д.Бабатайұлының шығармалары мен ақын шығармашылығы туралы барлық басылымдардың тізімі және Ғаламтор материалдарына сілтемелер берілген.

Д.Бабатайұлының шығармашылық жолын кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған виртуалды көрме пайдаланушы қауымға үлкен көмек болады деген сенімдеміз.

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44

Е-mail: semeybib@yandex.kz

Web-сайт:www.semeylib.kz